Кәміл Моллашевтің өнер әлемі

Uncategorized

11 ақпанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының жаңа музейінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі кескіндемеші Кәміл Моллашевтің шығармалар каталогының тұсаукесері және жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын вице-министр Нұрқиса Дәуешов оқып берді.

«Бүгін еліміздің белгілі қылқалам шебері Кәмил Моллашевтің жеке көрмесіне келгендеріңізге алғысымды білдіремін. Қазақ бейнелеу өнерінде Кәміл ағамыздың орны бөлек. Оның шығармашылығын елімізде ғана емес, шетелде де жақсы таниды әрі бағалайды. Өйткені Кәміл Моллашев өзіндік қолтаңбасы бар ірі суретшілердің бірі. Оның өнері мен туындылары таңғажайып эстетикалық ғана емес, терең философиялық мазмұн тұрғысынан да ерекше», –  деп атап өтті көрмені ашқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

Кеш барысында автограф-сессия да жасалды. К.В. Моллашевтің каталогы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен «Астана» халықаралық университетінің қолдауымен басылымға шыққан.

«Кәміл Уәлиханұлы, біздің университетте үш жылға жуық жұмыс істеп, оның профессоры ретінде біздің жұмысымызға шығармашылықтың ерекше лебін әкелгенін айтқым келеді. Оның жасампаздықты жалғастырып, біздің оқу орнында жас таланттарды оқытатыны біз үшін үлкен құрмет. Бұл көрме мен оның катологының жарыққа шығуы автордың шығармашылық кезеңдегі өзіндік есебіндей. Кәміл Валиахметұлы, Сіздің ең керемет картиналарыңыз және ең үздік шәкірттеріңіз әлі алда екеніне сенімдімін, – деді Астана Халықаралық университетінің президенті Серік Ирсалиев.

Іс-шараға Австрия, Беларусь, Нидерланд, Германия, Ресей, Жапония, Үндістан, Чехия, Қырғызстан, Кувейт, Солтүстік Македония, Татарстан елшілері мен басқа да дипломатиялық корпустың өкілдері, галереялар, музейлер мен мәдени орталықтардың басшылары, көрнекті суретшілер, өнертанушылар және өнер қайраткерлері қатысты.

Көрмеде суретшінің 1974-2017 жылдар аралығында жарық көрген 30-ға жуық жұмысы ұсынылды. Жанр, стиль тұрғысынан саналуан туындылар шебердің дарынын айшықтап, «Кәміл Моллашевтің өнер әлемін» ашты.

Пікір үстеу