Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында Астана халықаралық университетінің Өнер және дизайн жоғары мектебінің профессоры Асылханов Ермек Сабырұлы «Құрмет» орденімен марапатталды.
Асылханов Ермек Сабырұлы Жезқазған педагогикалық институтының сурет және кескіндеме кафедрасының оқытушысы қызметінен бастап, Семей қаласындағы Мемлекеттік университетінің доценті, кескіндеме кафедрасының меңгерушісі, оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор, Өскемен қаласындағы Шығыс гуманитарлық институтының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, Л.Н.Гумилев атындағы Ұлттық университеттің дизайн кафедрасының меңгерушісі, Қазақ Ұлттық өнер университетінің көркем өнер факультетінің деканы қызметтерін атқарып, бүгінгі күні Астана халықаралық университетінің беделді профессоры ретінде шәкірт тәрбиелеуде.

Ұлағатты ұстаз 40 жылдан аса білім саласында еңбек етіп, Қазақстан Респубикасы білім беру ісінің үздігі, мәдениет қайреткері, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі, профессор, педагогика ғылымдарының докторы, Ресей ұлттық дизайн академиясының академигі, 40-тан аса ғылыми және ғылыми-әдістемелік мақалалардың, ЖОО арналған 2 монография мен 2 оқу-методикалық құралдың авторы. Ермек Сабырұлын жоғары дәрежелі марапаты, «Құрмет» орденімен шын жүректен құттықтаймыз!