
Бекболат Нұрданбекұлы – 1978 жылы Қытай Халық Республикасының Іле Қазақ автомомиялы облысында Ақсу ауылында дүниеге келген. Жалпы, ұсталық қасиет тұқымға қонады. Халқымыз үшін ол да бір киелі саналады. Зергердің бабалары ұста болған. Әкесі Нұрданбек те қара жаяу емес. Жылқының әбзелдерін, зергерлік бұйымдар жасаған. Зергер болсам деген арманмен Бекболат елге қоныс аударып, Алматыдағы Орал Таңсықбаев атындағы сәндік қолданбалы өнер коледжіне «металды көркемдеп өңдеу» мамандығы бойынша оқуға түсіп «Суретші және шебер» мамандығын алып шығады. Осында жүріп зергерлік өнердің қыр-сырын меңгереді. Атақты зергер, қол өнер шебері Дәркенбай Шоқпарұлы сынды ұстаздан дәріс алады. Кейін сол ұстазының атындағы Ұста Дәркенбай қол өнер музейінде суретші-реставратор, Есік мемелекеттік қорық музейінде суретші-көркемдеуші, елордаға қоныс аударғаннан кейін Қазақстан Республикасының Ұлтық музейінде суретші-реставратор болып жұмыс жасады.
Бекболат зергер бүгіндері қазақтың ұлттық қолөнері бұйым-заттарын қайта жаңғыртып, осы заманға орай сәнді етіп жасауда көп ізденіп, нәтижесінде ағаш, сүйек, металл материалдардан неше түрлі сәнді қолөнері бұйымдарын (мысалы, қылыш, қанжар, алтынмен апталған пышақ, кемер белдік) жасады. Шебердің қолынан туған әдемі бұйым-заттар (алқа, білезік, өңіржиек, сақина, сырға т.б.) халықтың ежелден келе жатқан қолданбалы өнер туындыларының озық үлгілеріне айналды. Бекболат Нұрданбекұлы бүгіндері зергерлік жұмысын Астана халықаралық университетінің Өнер және дизайн жоғары мектебінде жалғастыруда.